
Астанада Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері қыздың биіктіктен құлап кетуінің алдын алды. Полиция аға лейтенанты Еламан Тішпаев түскі уақытта үйіне келген. Жаттығуға шығуға дайындалып жатқан кезде, үйдің маңында адамдардың көп жиналғанын байқайды. Куәгерлер ғимараттың жоғарғы қабаттарын көрсетіп, балконда қыздың отырғанын айтады. Полицей бірден подъезге кіріп, 12-қабатқа көтерілді. Ол балконның шетінде отырған қызды байқайды. Қыздың эмоционалдық жағдайы өте ауыр еді. Жағдайды бағалаған ЖҚАЖ қызметкері қызға абайлап арт жағынан жақындады. Сәтін тауып, оны ұстап алып, балконның шетінен қауіпсіз жерге тартып шығарды. Осылайша, оның биіктіктен құлап кетуінің алдын алды. Одан кейін полицей жедел қызметтер келгенге дейін қыздың жанында болып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырды. Полиция қызметкерінің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл оқиға полиция қызметкері үшін қызметтік борыштың жұмыс уақытынан тыс уақытта да жалғаса беретінін тағы бір мәрте көрсетті. Полицейлер кез келген жағдайда Антқа адал болып, қиындыққа тап болған адамдарға көмек көрсетуге дайын.