
Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық көлікте жоғалған екі гаджетті тауып, заңды иелеріне қайтарды.
Елорда тұрғыны қоғамдық көлікте келе жатып, iPhone телефонын байқамай түсіріп алған. Әйел полицияға жүгініп, жоғалған құрылғыны табуға көмек сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер телефонды тауып алған жас жігіттің жеке басын анықтап, оның орналасқан жерін белгіледі. Нәтижесінде ұялы телефон иесіне аман-есен қайтарылды.
Осыған ұқсас жағдай тағы бір елорда тұрғынымен болған. Ер адам маршруттық автобустың артқы орындығында көк түсті сөмкеде тұрған ноутбугін ұмытып кеткен. Шамамен 10 минуттан кейін жүргізуші оның орнында ноутбук жоқ екенін байқаған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жоғалған ноутбуктың орналасқан жері анықталып, ол иесіне қайтарылды.
Көрсетілген жедел көмекке ризашылығын білдірген қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, бейнеүндеу жолдады.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға жеке заттарыңызды қоғамдық көлікте немесе басқа да орындарда жоғалтып алған жағдайда, полицияға дер кезінде жүгінуге кеңес береді. Жоғалған заттың нақты қай жерде және қандай жағдайда жоғалғаны туралы ақпаратты неғұрлым толық ұсыну оны жедел іздестіруге мүмкіндік береді.