
Астанада «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Рейд барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударады. Қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер, кешкі уақытта жастар көп жиналатын аумақтар, сондай-ақ компьютерлік клубтар, ойын-сауық және көңіл көтеру орындары тексеріледі.
Өткен демалыс күндері жүргізілген рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында немесе түнгі уақытта ата-аналары не заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болған 36 факті анықталды. Әрбір жағдай бойынша заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, түнгі сағат 00:25 шамасында полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген 16 жастағы жасөспірімді анықтады. Тексеру барысында оның 47 жастағы заңды өкілі белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етпегені анықталды.
Ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жасөспіріммен және оның заңды өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заңнама талаптары және оларды сақтамағаны үшін жауапкершілік түсіндірілді.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерге кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақыттағы жүріп-тұруын бақылаудың маңыздылығын ескертеді. Белгіленген талаптарды сақтау – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.