
Оқу жылының басталуына орай елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеу мақсатында рейдтік жұмыстар жүргізуде. Қызметкерлер ойын-сауық орындарын, компьютерлік клубтарды және өзге де қоғамдық орындарды тексеріп, заң талаптарының сақталуын бақылауда.
Кезекті рейд барысында елордалық полицейлер компьютерлік клубтардың бірінен түнгі уақытта жүрген 15 жастағы жасөспірімді анықтады. Тексеру кезінде оның заңды өкілінің қарауынсыз болғаны белгілі болды.
Осыған байланысты жасөспірімнің ата-анасына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағанның түнгі уақытта компьютерлік клубта болуына жол берген мекеме иесі де заңнамада көзделген жауапкершілікке тартылды. Оған ӘҚБтК-нің 132-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.
Полиция департаменті ата-аналарға баланың бос уақытын бақылауда ұстап, оның қайда және кіммен жүргеніне назар аударудың маңыздылығын ескертеді.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция балалардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және олардың құқық бұзушылықтарға тартылуының алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.