Нысана, оқ, уақыт — және келесі кезең. 11-13 қыркүйек аралығында Қонаев қаласында карабиннен практикалық ату бойынша IPSC Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жүлделі орындар үшін еліміздің түрлі өңірлерінен келген 12 команда мен 56 қатысушы бақ сынады.
Жарысқа Астананың атынан Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағының «К1» командасы қатысты. «Семи-Авто Стандарт» санатында елордалық полицейлер командалық есепте бірінші орын алып, Қазақстан чемпионы атанды.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар нысанаға дәл тигізу және тапсырманы орындау уақыты ескерілетін атыс жаттығуларын орындады. Әр нәтиже төрешілер тарапынан тіркеліп, спортшы мен команданың қорытынды нәтижесіне әсер етті.
Елордалық полицейлер жеке есепте де жоғары нәтиже көрсетті. Бірінші орынды ЖҚАЖ аға инспекторы, полиция капитаны Дархан Жексембинов иеленді. Үшінші орынға ЖҚАЖ аға инспекторы, полиция майоры Медет Слямғазин ие болды.
Осылайша, «К1» командасы Қазақстан чемпионатында командалық алтын медаль жеңіп, жеке есепте тағы екі жүлдеге қол жеткізді. Қонаев қаласында үш күнге созылған жарыс елордалық Полиция департаментінің өкілдері үшін бірнеше жүлделі нәтижемен аяқталды.