
Елордада есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдау мақсатында Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Counter-Strike 2 ойынынан жастар арасында киберспорттық турнир өтті.
Бір күн бойы 20 команда жеңімпаз атану үшін бақ сынады. Турнирге елордалық жоғары оқу орындарының жастар құрамалары, медиа тұлғалардан құралған команда және Астана қаласы Полиция департаментінің командасы қатысты.
Медиа тұлғалардан құралған команда көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Оның құрамында танымал блогер Айдос Қожахметов пен қазақстандық әнші Mona Songs өнер көрсетті. Түрлі сала өкілдерін киберспортқа және командалық бәсекеге деген ортақ қызығушылық біріктірді.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Nazarbayev University командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен кубоктар табысталды.
Қатысушылар үшін киберспорттық жарыстың толыққанды атмосферасы қалыптастырылды. Әр командаға арнайы форма әзірленіп, ойын алаңдары турнирдің ерекшелігіне сай безендірілді. Жарыс алаңы қатысушылардың белсенді қарым-қатынасына, жанкүйерлердің қолдауына және командалық бәсекеге толы болды. Қатысушылар мен көрермендер ойынның қызығына бөленіп, жарыстан жағымды әсер алды.
Турнир өткізу – полицияның жастармен жүргізетін профилактикалық жұмысының заманауи форматтарының бірі. Бүгінде киберспорт көптеген жастардың қызығушылығын біріктіретін сұранысқа ие бағыттардың қатарында. Сондықтан жастардың әртүрлі қызығушылықтары мен әуестіктерін қолдап, олардың өзара қарым-қатынас жасауына, дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік берудің маңызы зор. Бұл ретте салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіден бас тартуға бағытталған оң ортаны қалыптастыруға басымдық беріледі.
Астана қаласының Полиция департаменті жастармен өзара іс-қимыл жасаудың заманауи тәсілдерін жүйелі түрде қолданады. Департамент спорт пен шығармашылықты ғана емес, жастар арасында кеңінен танымал бағыттардың бірі – киберспортты да қолдайды.
Бастама қатысушылар тарапынан қолдау тауып, профилактикалық жұмыстың қызықты, заманауи әрі жастардың қызығушылығына барынша жақын форматта жүргізілуі мүмкін екенін көрсетті.
«Астана – есірткісіз қала» – бұл жай ғана үндеу емес. Бұл жастарға спортты, шығармашылықты, киберспортты, қарым-қатынас пен дамуды таңдауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.