Елорда мектептерінің оқушылары – «Астана – есірткісіз қала!» қозғалысының белсенді қатысушылары

Елорда мектептерінің оқушылары – «Астана – есірткісіз қала!» қозғалысының белсенді қатысушылары

Жаңа оқу жылының басталуымен елорда мектептерінің оқушылары Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы жанынан құрылған «O.Y.A.N» волонтерлік қозғалысының құрамында белсенді жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі таңда қозғалыс құрамында елордалық мектептердің 80-ге жуық оқушысы бар. Олар жазғы демалыс кезінде қалалық деңгейде өткен 20-ға жуық профилактикалық іс-шараны ұйымдастыруға атсалысты. Жастар флешмобтар мен басқа да жастар іс-шараларын өткізуге көмектесіп, ақпараттық материалдар таратты, әлеуметтік сауалнамалар жүргізді. Сондай-ақ өздерінің жеке үлгісі арқылы қатарластарына белсенді әрі пайдалы бос уақыт өткізудің мүмкіндіктерін көрсетті.
Жаз мезгілінде бастамаға қосылған жас қатысушылардың қатары арта түсті. Оқу жылының басталуымен волонтерлердің қызметі жаңа форматқа көшті. Енді оқушылар «Астана – есірткісіз қала!» идеясын өз білім беру ұйымдарында насихаттауды жалғастыруда.
Оқушылар мектептерде өткізілетін профилактикалық іс-шараларға қатысып, қатарластарын қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартуда. Сонымен қатар өз денсаулығы мен болашағына саналы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдайды.
Маңыздысы – волонтерлер жекелеген іс-шараларға қатысумен ғана шектелмей, өз қатарластарына белсенді өмірлік ұстанымның үлгісін көрсетіп келеді. Спорт, шығармашылық, қоғамдық қызмет және командалық жұмыс арқылы жастар ортасының оң әрі жасампаз құндылықтар төңірегінде біріге алатынын көрсетуде.
Бұған дейін қозғалыстың ең белсенді қатысушылары Астана қаласы Полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталған болатын.
Бүгінде «O.Y.A.N» – бірге дамып, бастама көтеруді үйреніп, елордадағы қауіпсіз жастар ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосып жүрген мектеп оқушыларының бірлестігі.