
Елордада полиция қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қабылдауда заманауи омниканалды жүйені тиімді пайдаланып келеді. Жыл басынан бері жүйе арқылы 35 мыңнан астам өтініш тіркелді, бұл тұрғындарға өз құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтарды дер кезінде хабарлауға мүмкіндік береді.
Мәселен, қала тұрғындарының бірі көлік жүргізушісінің балалар арбасымен жүруге арналған жолды жауып тұрғаны туралы шағымданған.
Полиция қызметкерлері аталған өтінішті қарап, құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде автокөлік жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Омниканалды жүйе азаматтарға өзекті мәселелер туралы ақпаратты ыңғайлы форматта жолдауға мүмкіндік береді. Полиция әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмай, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды қабылдайды.