Елорда полициясы жастарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырады

Елорда полициясы жастарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырады

Полиция жастар арасында «оңай» әрі «жылдам» табыс табуды ұсынатын күмәнді хабарландырулардың таралу қаупі туралы ескертеді. Мұндай ұсыныстар алғаш қарағанда кәдімгі жұмыс орындары сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тартымды хабарландырудың астарында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына тарту әрекеті жасырынуы ықтимал.
Жастарға курьер, кинотеатр қызметкері, флорист және басқа да заңды жұмыс түрлері ретінде қосымша жұмыс ұсынылуы мүмкін. Үміткер ұсынысқа қызығушылық танытқаннан кейін, оған сілтеме арқылы өту немесе жеке хабарламаларда сөйлесуді жалғастыру ұсынылады. Осыдан кейін есірткі мен психотроптық заттарды жеткізуге және жасырып орналастыруға байланысты заңсыз тапсырмалар ұсынылады.
Мәселен, полицияға әлеуметтік желіден кинотеатрда билеттерді тексеруші ретінде толық емес жұмыс күніне жұмысқа орналасу туралы хабарландыру көрген қыз жүгінген. Сілтеме арқылы өткеннен кейін оған мүлдем басқа сипаттағы ұсыныс – заңсыз тапсырмаларды орындау арқылы ақша табу ұсынылған. Қырағылық танытқан қыз бұл ұсыныстан бас тартып, полицияға хабарлаған. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, анықталған арна бұғатталды. Қазіргі уақытта ақпарат бойынша одан әрі тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қаскөйлер әдейі «жұмыс көлемінің аздығы» туралы сөздерді қолданады. Мысалы, күніне небәрі бір-екі «жеткізілім» жасап, жоғары мөлшерде ақы алу ұсынылады. Осылайша олар мұндай жұмысты оңай әрі қауіпсіз табыс көзі ретінде көрсетуге тырысады.
Полиция ескертеді: белгісіз ораманы ақша үшін жасыру, біреуге беру немесе жеткізу – қосымша жұмыс емес, есірткінің заңсыз айналымына тартудың ықтимал әрекеті. Мұндай әрекеттерге қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Полиция жастарды осындай ұсыныстарға мұқият қарауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз «жеткізілімдерді» орындауға келіспеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.
Ата-аналарға да жасөспірімдермен және жастармен осындай ұсыныстардың қауіп-қатері туралы сөйлесіп, оңай ақша табу туралы уәденің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру ұсынылады.
Егер жұмыс туралы ұсыныс күмән тудырса, одан бас тартып, полицияның 102 арнасына немесе Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 8-700-115-01-02 нөмірлі анонимді сенім телефонына хабарласқан жөн.