Класс «Жас сақшы» познакомился с работой музея МВД и ЦОУ

Класс «Жас сақшы» познакомился с работой музея МВД и ЦОУ

Астана қаласы Полиция департаментінің Патрульдік полиция мамандандырылған батальонына қарасты №55 жалпы орта мектептің 7 «Ә» сыныбындағы «Жас сақшы» тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің музейі мен Жедел басқару орталығына барып, құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысты.
Танымдық экскурсия барысында оқушылар Ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы, полиция қызметінің негізгі бағыттары, қызметтік дәстүрлері мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттері туралы мағлұмат алды. Музей экспозицияларынан сала тарихына қатысты құжаттар, арнайы құралдар, нысанды киім үлгілері мен тарихи жәдігерлерді тамашалады.
Сондай-ақ жас сақшылар елордадағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Оқушылар бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін көріп, полиция қызметкерлерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жедел ден қою бағытындағы күнделікті жұмыс барысын бақылады.
Іс-шара барысында оқушыларға полиция қызметінің жауапкершілігі мен маңыздылығы түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеу және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Жас сақшы» сыныбының мұндай танымдық кездесулері оқушылардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, жасөспірімдердің бойында тәртіпке, жауапкершілікке, отансүйгіштікке және азаматтық ұстанымға негізделген құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Мектеп оқушылары экскурсия барысында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметі туралы пайдалы ақпарат алып, естелікке суретке түсті.