Декреттік демалыста – тергеу астында: Астанада есірткі өткізумен айналысқан әйелдердің әрекетіне тосқауыл қойылды

Декреттік демалыста – тергеу астында: Астанада есірткі өткізумен айналысқан әйелдердің әрекетіне тосқауыл қойылды

Астанада полицейлер есірткі заттарын сақтау және оларды әрі қарай тарату мақсатында жасырын қойма ұйымдастырды деген күдікке ілінген екі әйелдің қылмыстық әрекетін тоқтатты.
Жедел-іздестіру шаралары барысында декреттік демалыста жүрген 35 жастағы әйел анықталды. Ол 27 жастағы танысымен бірге пәтер жалдап, онда есірткі заттарын сақтап, әрі қарай өткізу үшін өлшеп, буып-түйіп отырған.
Әйелдер жалға алынған пәтерден курьерлерге беруге арналған алдын ала оралған заттарды бірге алып шығып бара жатқан сәтте ұсталды. Осылайша, полицейлер олардың есірткі заттарын әрі қарай таратуына жол бермеді.
Ұсталған әйелдердің бірінің сөмкесін тексеру барысында марихуана, гашиш майы және каннабис шайырына ұқсас заттар салынған пластик пробиркалар мен полиэтилен пакеттері табылды.
Пәтерде жүргізілген тінту кезінде 400 граммнан астам марихуана, гашиш майы мен каннабис шайыры салынған құтылар мен пробиркалар, сондай-ақ осындай заттары бар басқа да ыдыстар мен пакеттер анықталды. Табылған заттардың жалпы салмағы шамамен екі келіні құрады.
Барлық табылған заттар тәркіленді. Адамдар тобының есірткі заттарын сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйелдер ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, істің барлық мән-жайы мен қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін басқа да тұлғалар анықталуда.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымы ауыр қылмыстар санатына жатады және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және өткізу фактілерінің барлығы анықталып, жолы кесілетін болады. Есірткі қылмыстары туралы 102 нөміріне хабарлауға болады.