
Астана қаласының полициясы кәмелетке толмағандардың үйден өз бетінше кетуінің және хабар-ошарсыз жоғалуының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері «102» арнасына кәмелетке толмағандардың хабар-ошарсыз жоғалуы және өз бетінше үйден кетуіне қатысты 2 мыңға жуық хабарлама келіп түскен.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында балалар мен жасөспірімдердің орналасқан жері қысқа мерзім ішінде анықталады. Одан кейін кәмелетке толмағандар заңды өкілдеріне табысталады.
Полиция мұндай жағдайларда құқық қорғау органдарының жедел әрекетімен қатар, ата-аналардың полицияға дер кезінде хабарласуы да аса маңызды екенін атап өтеді.
Осыған байланысты ата-аналарға балаларымен қауіпсіздік ережелерін алдын ала талқылау ұсынылады: олардың қайда және кіммен бара жатқанын хабарлап отыруын, үнемі байланыста болуын, бейтаныс адамдармен кездесуге келіспеуін және қауіпті жағдай туындаған кезде бұл туралы дереу ересектерге айтуын түсіндіру қажет.
Баланың қауіпсіздігі – ересектердің назарынан басталады.
Полиция ата-аналарды кәмелетке толмағандардың мінез-құлқындағы өзгерістерді назардан тыс қалдырмауға, олардың араласатын ортасы мен жоспарларына қызығушылық танытуға шақырады.
Ал бала жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден «102» нөміріне хабарласу қажет.