Көші-қон ережелерін, жол қозғалысы талаптарын және қоғамдық тәртіпті бұзу: елордада «Құқықтық тәртіп» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтуде

Көші-қон ережелерін, жол қозғалысы талаптарын және қоғамдық тәртіпті бұзу: елордада «Құқықтық тәртіп» жедел- профилактикалық іс-шарасы өтуде

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Полиция қызметкерлері 500-ден астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады.
Олардың ішінде ең көп кездесетіндері — көші-қон заңнамасы талаптарын, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіпті, абаттандыру қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар.
Атап айтқанда, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан азаматтарға қатысты 200-ден астам факт анықталды. 80-нен астам адам қоғамдық орындарда мас күйінде болған. 60-қа жуық факт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты тіркелді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеуге байланысты 50-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Осы бағытта 7 құқық бұзушылық тіркелді.
Мәселен, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері азық-түлік дүкендерінің бірінде 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сату фактісінің жолын кесті. Сауда нысанының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ аясындағы жұмысты жалғастыруда. Іс-шаралар заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтап, олардың жолын кесуге бағытталған.