
Астана қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында Майлин көшесі бойында орналасқан нысандардың бірінде кальян шегу фактісі анықталды. Тексеру нәтижесінде кальян пайдалануға қатысты заңнама талаптарының бұзылғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері елорда аумағында темекі өнімдерін және темекі шегуге арналған құрылғыларды, оның ішінде кальянды пайдалануға қатысты 4 500-ден астам құқық бұзушылық фактісі тіркелген.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара барысында азаматтарға темекі өнімдерін және темекі шегуге арналған құрылғыларды пайдалануға заңмен белгіленген шектеулерді түсіндірді.
Полиция қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.