
Қалалық маршруттық автобустағы кезекті сапардың соңы қайғылы жағдайға айнала жаздады.
Жолда келе жатқан кезде балалар арбасында отырған сәби кенеттен кәмпитке қақалып, тыныс ала алмай қалды. Уақыт санаулы еді. Жолаушылар не болғанын түсініп үлгергенше, ер адамдардың бірі ойланбастан көмекке ұмтылды.
Кәсіби дайындығы мен жедел әрекетінің арқасында ол жағдайды тез бағалап, баланы көтеріп алып, еңкейтіп, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін қолданды. Оның сенімді әрі сауатты әрекеттерінің нәтижесінде сәбидің тыныс алуы қалпына келіп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Баланың өмірін құтқарған азамат — Астана қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері полиция аға лейтенанты Әлішер Жарқымбеков.
32 жастағы офицер ішкі істер органдарында 2023 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта ол ЖҚАЖ инспекторы лауазымында қызмет етеді. Алайда сол күні баланың жанында жай ғана жолаушы емес, қиын сәтте сабыр сақтап, дер кезінде әрі дұрыс шешім қабылдай білген кәсіби маман болды.
Полиция қызметкерлері күн сайын адамдарға көмекке келеді. Бұл жағдай Антқа адалдықтың тек қызметтік міндеттерді орындаумен шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Полицейлер қызметтен тыс уақытта да өздерінің білімі, тәжірибесі мен батылдығы адам өмірін сақтап қалуы мүмкін жерде әрдайым көмекке дайын.