
Елордада жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Оқиға Қабанбай батыр даңғылында, Сарайшық көшесі бағытынан Қорғалжын көшесіне қарай қозғалыс кезінде тіркелді. Полиция қызметкерлері JETOUR X70 PLUS маркалы автокөлікті басқарған 42 жастағы жүргізушіні тоқтатты.
Тексеру барысында жүргізушінің екі бағытты, төрт және одан да көп жүру жолағы бар жолда маневр жасау кезінде 1.3 қос тұтас жолақ белгісін кесіп өтіп, қарсы бағытқа арналған жолаққа шыққаны анықталды. Осы әрекетімен ол Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларының 9-тарауының 61-тармағының талаптарын бұзған.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Астана қаласының Полиция департаменті қарсы бағытқа шығу жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі екенін ескертеді. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, маневр жасау кезінде мұқият болуға және өз қауіпсіздігімен қатар, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.