
Астана қаласында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін жасыруға арналған арнайы құрылғы пайдаланған мотоцикл жүргізушісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Оқиға Аман көшесінде тіркелді. Полиция қызметкерлері Harley-Davidson маркалы мотоциклді басқарған 38 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Тексеру барысында көлік құралы мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін әрі олардың көрінуін жасыратын арнайы құрылғымен жабдықталғаны анықталды.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін жасыруға, өзгертуге немесе оларды сәйкестендіруге кедергі келтіретін кез келген құрылғыларды пайдалануға заңмен тыйым салынғанын ескертеді.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.