
Елордада жалған төлем чегін көрсетіп, базардағы сатушыларды алдап келген 34 жастағы тұрғынның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сауда орындарын әдейі аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде таныстырған. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдаған соң, ақшаны мобильді қосымша арқылы аударғандай кейіп танытып, қолдан жасалған төлем чегін көрсеткен. Ақша шотқа түсті деп сенген сатушылар тауарды күдіктіге өз қолдарымен берген.
Бұл – оның алғашқы алаяқтығы емес. Күдікті бұған дейін де дәл осындай айламен бірнеше саудагерді алдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оның өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция саудагерлер мен кәсіпкерлерге төлемнің нақты банк шотына түскеніне көз жеткізбейінше, тауарды сатып алушыға бермеуге кеңес береді.
Егер сіз осы азаматтың заңсыз әрекетінен зардап шеккен болсаңыз немесе осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, дереу «102» арнасына немесе жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласыңыз.