Түнгі уақытта отшашу атқандарға – айыппұл мен қамау: полиция жауапкершілік туралы ескертеді

Түнгі уақытта отшашу атқандарға – айыппұл мен қамау: полиция жауапкершілік туралы ескертеді

Полиция қызметкерлері қылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесумен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың түнгі тыныштығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Заңда белгіленген уақыттан кейін пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалануға ерекше бақылау жүргізілуде.
Тек осы апта ішінде елордада отшашу атуға байланысты қоғамдық тәртіпті бұзудың үш дерегі тіркелді.
Мәселен, 22 шілдеге қараған түні сағат 00:00 шамасында елордадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында бір топ азамат отшашу атып, қатты шулаған. Осылайша олар тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзған.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар алтыға жуық адамды анықтады. Оларға қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді.
Сонымен қатар, пиротехникалық бұйымдарды тікелей іске қосқан 30 жастағы әйел екені анықталды. Қоғамдық тәртіпті бұзып, түнгі уақытта отшашу ату арқылы азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін оған ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауаптылық жүктеліп, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Тағы бір дерек 23 шілде күні «Бәйтерек» монументі алаңында тіркелді. Полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды пайдалану фактісін анықтады. Тексеру барысында 37 жастағы ер адам анықталып, ол көптен күткен сәбиінің дүниеге келуіне байланысты досын құттықтау үшін отшашу атқанын түсіндірді. Оның айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды алдын ала интернет-дүкен арқылы сатып алған.
Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір оқиға 24 шілде күні Қошқарбаев даңғылында тіркелді. Полиция қызметкерлері досын келін түсіру рәсімімен құттықтау мақсатында отшашу ұйымдастырған 24 жастағы ер адамды анықтады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Астана қаласының полициясы елорда тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудан бас тартуға шақырады. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып қана қоймай, адамдардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін. Өзара құрмет пен жауапкершіліктің қарапайым қағидаларын сақтау – қаладағы тыныштық пен жайлы өмір сүрудің кепілі.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.