
Елордада 20–26 шілде аралығында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өтініштері мен мәселелерін жедел шешуге бағытталған «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы өтуде.
Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық әрі тиімді диалогты дамыту, халыққа құқықтық және консультативтік көмекті тұрғылықты жеріне барынша жақын жерде көрсету, сондай-ақ азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті жерде қарау.
Іс-шараның алғашқы күні қорытындысы бойынша елорданың алты ауданында ондаған кездесу өткізіліп, тұрғындардан 100-ден астам ұсыныс пен өтініш қабылданды. Негізгі көтерілген мәселелер учаскелік полиция инспекторларының қызметін жетілдіру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және ойын-сауық орындарының қызметіне қатысты болды.
Мәселен, «Сарыарқа» ауданында іс-шара Н.Тілендиев көшесі, 12а мекенжайында орналасқан «Көктал» сауда-ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныстары тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, «Есіл» ауданында акция аясында Ұлы Дала көшесі, 55-үйдің ауласында учаскелік полиция инспекторлары қоғам белсенділерімен бірлесіп тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға 30 тұрғын қатысты. Ал, Сарайшық көшесі, 7/1 мекенжайындағы «Светлый» тұрғын үй кешенінде өткен кездесуге шамамен 25 азамат қатысты.
Сонымен қатар «102», «E-otinish» сервистері және мобильді қосымшалар арқылы полиция органдарына жүгіну тәртібі түсіндіріліп, құқық бұзушылықтар мен күдікті тұлғалар туралы уақтылы хабарлау қажеттігі жеткізілді. Профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізілді.
Полиция департаменті елорда тұрғындарын «Аулалардағы қабылдау» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Ашық диалог – тиімді шешімнің кепілі. Бұл акция әрбір азаматтың пікірін тыңдап, көтерілген мәселелерді жедел қарауға бағытталған маңызды қоғамдық алаң болып табылады.