
Елордада 20–26 шілде аралығында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың өтініштері мен мәселелерін жедел шешуге бағытталған «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы өтуде.
Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық әрі тиімді диалогты дамыту, халыққа құқықтық және консультативтік көмекті тұрғылықты жеріне барынша жақын жерде көрсету, сондай-ақ азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді жергілікті жерде қарау.
Бір аптаға созылатын акция барысында қабылдаулар елорданың барлық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің аулаларында ұйымдастырылады. Тұрғындар мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесіп, өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша кеңес алып, ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.
21 шілдеде акция аясында келесі мекенжайларда тұрғындарды қабылдау ұйымдастырылады: Есіл ауданы – сағат 17:00-де, Достық көшесі, 5, «Северное сияние» тұрғын үй кешенінің ауласы; Нұра ауданы – сағат 16:00-де, Тұран даңғылы, 24, «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының аумағы; Сарайшық ауданы – сағат 17:00-де, Байтұрсынов көшесі«Жібек жолы» ойын-сауық орталығының аумағы.
«Аулалардағы қабылдау» акциясы халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын іске асырудың тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.
Полиция департаменті елорда тұрғындарын акцияға белсенді қатысуға шақырады. Ашық диалог – тиімді шешімнің бастауы. «Аулалардағы қабылдау» акциясы әрбір тұрғынның пікірін тыңдап, мәселесін шешуге бағытталған маңызды қоғамдық бастама болып қала береді.