
Елордада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алу және анықтау жұмыстарын күшейтті. Оның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға кедергі келтіретін құрылғылармен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға ерекше назар аударылуда.
Патрульдеу барысында Howo және Shacman маркалы жүк көліктерінің жүргізушілері осындай құрылғыларды пайдаланған екі дерек анықталды.
Тексеру нәтижесінде аталған көліктер мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің орнын қашықтан өзгертуге мүмкіндік беретін арнайы механизмдермен жабдықталғаны белгілі болды. Жүргізушілер автоматты құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларға жақындаған кезде жауапкершіліктен жалтару мақсатында мемлекеттік нөмірлерін жасырып отырған. Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы осындай 6 дерек анықталды.
Патрульдік полиция қызметкерлері екі көлікті де тоқтатып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің танылуына кедергі келтіретін құрылғылармен жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін жүргізушілерді әкімшілік жауаптылыққа тартты. Көліктер коммуналдық тұраққа қойылды.
Сот шешімімен екі жүргізуші де бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, бір жылға әкімшілік қамауға алынды.
Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін жасыратын немесе оларды тануға кедергі келтіретін кез келген құрылғыны пайдалану заңнаманы өрескел бұзу болып саналатынын еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында, сондықтан жауапкершіліктен жалтару мақсатында осындай құрылғыларды қолдану заңда көзделген шаралардың міндетті түрде қолданылуына әкеледі.