Түнгі уақытта тыныштықты бұзу – елордалық полицияның ерекше бақылауында

Түнгі уақытта тыныштықты бұзу – елордалық полицияның ерекше бақылауында

Тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – елордалық полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтардан келіп түсетін өтініштерді тұрақты түрде талдап, түнгі уақытта тыныштық пен қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Жыл басынан бері «102» арнасына тыныштықты бұзу фактілері бойынша 25 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Жүргізілген талдау көрсеткендей, өтініштердің 83 пайыздан астамы сағат 22:00 мен 02:00 аралығында тіркелген.
Шағымдардың негізгі бөлігі – аулалар мен көшелердегі шу. Бұл барлық хабарламалардың 67 пайызын құрайды. Атап айтқанда, түнгі уақытта қатты дауыстап сөйлейтін немесе айғайлайтын адамдар, футбол және балалар алаңдарында ойнау, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тұрғындардың мазасын алады. Ал өтініштердің 17 пайызы көршілердің қатты музыка қоюына, пәтерлердегі жөндеу жұмыстарының шуына байланысты болған. Қалған хабарламалар құрылыс нысандарының, коммерциялық мекемелердің, көлік құралдары мен арнайы техниканың шуына қатысты.
Талдау нәтижесіне сәйкес, тыныштықты бұзу деректері Нұра және Сарыарқа аудандарында жиі тіркеледі.
Әрбір расталған құқық бұзушылық бойынша полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдайды. Тыныштықты бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар кейбір шақыртулар расталмайды, сондай-ақ бір оқиға бойынша әртүрлі тұрғындардан қайталанған хабарламалар да жиі түседі.
Жүргізілген талдау негізінде полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Кешкі және түнгі уақытта аулалар мен қоғамдық орындарда жаяу патрульдеу күшейтіліп, тұрғындардан жиі шағым түсетін мекенжайларға ерекше назар аударылуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, түнгі уақытта аулалардағы спорт алаңдарына кіруді шектеу бойынша техникалық шешімдер қарастырылуда. Оның ішінде сағат 23:00-ден кейін жарықты автоматты түрде өшіру және спорт алаңдарына кіруді шектеу мәселелері пысықталуда.
Сондай-ақ түнгі шудың ең көп таралған көздеріне ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері салюттар мен өзге де пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты 110-нан астам, мотоциклдердің шуына қатысты 100-ге жуық, ал автокөліктерден шыққан қатты шу бойынша шамамен 300 хабарлама тіркелді.
Көп жағдайда мотоцикл иелері көліктеріне шуды күшейтетін резонаторлар мен шығару жүйесінің басқа да бөлшектерін өз бетінше орнатып, тұрғындардың тыныштығын бұзады. Мұндай барлық фактілер бойынша құқық бұзушылар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жауаптылыққа тартылды.
Полиция азаматтарға тыныштықты сақтау мен айналасындағыларды құрметтеу – әр адамның міндеті екенін еске салады. Азаматтардың тыныштығын бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.