
Жаз мезгілінде елорда тұрғындары мен қонақтары коммуналдық жағажайларда және басқа да көпшілік демалатын орындарда бос уақыттарын жиі өткізеді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Соңғы уақытта Көктал тұрғын алабындағы коммуналдық жағажайда алкогольдік ішімдіктерді ішу деректері жиілеген. Мұндай әрекеттер заң талаптарын бұзып қана қоймай, айналадағы адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді.
Полиция қызметкерлері аталған аумаққа тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бейнебақылау камералары арқылы да жағдайды бақылауда ұстайды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Мәселен, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін 55 жастағы ер адам анықталып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Жыл басынан бері елордада қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені және масаң күйде жүргені үшін 9 мыңнан астам азамат заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын еске салады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналадағы адамдарға құрметпен қарауға және жайлы әрі қауіпсіз демалыс әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырамыз.