Астана қаласының Полиция департаментінде 2026 жылдың алты айындағы жұмыс қорытындылары қаралды

Астана қаласының Полиция департаментінде 2026 жылдың алты айындағы жұмыс қорытындылары қаралды

Астана қаласының Полиция департаментінде 2026 жылдың алты айындағы қызметтік жұмыстың қорытындыларына арналған жедел кеңес өтті.
Кеңеске Астана қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, сондай-ақ полицияның қызметтері мен аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
«Мемлекет басшысы бірнеше рет "Заң мен Тәртіп" қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі болуы тиіс екенін атап өтті. Елорда полициясы үшін бұл қағидат – сөзсіз басым бағыт. Біздің басты міндетіміз – қылмыстарды дер кезінде ашып қана қоймай, олардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою. Әрбір полиция қызметкері қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өзіне жүктелген міндеттерді адал әрі сапалы орындауы қажет», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елордада бірқатар негізгі бағыттарда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 9,3 пайызға төмендеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаланың ірі супермаркеттерінде жасалатын ұрлықтар саны екі есеге қысқарды.
Есірткі қылмысына қарсы күреске ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 420 келіден астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар тәркіленді.
Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, учаскелік полиция инспекторларының қызметін жетілдіру және түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректерінің жолын кесу мәселелері кеңінен қаралды.
Қала прокуроры жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуге және әсіресе жүк көліктерінің жүргізушілері тарапынан Жол қозғалысы қағидаларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше тоқталды.
Аталған бағыттар бойынша профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар айқындалды.
Кеңес қорытындысында Марат Төлебаев қызметтер мен аумақтық бөлімшелердің басшыларына жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыруға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.