Өзі туған қаланы бүгінде қорғап жүр: астаналық полицей туған күнін елордамен бірге атап өтуде

Өзі туған қаланы бүгінде қорғап жүр: астаналық полицей туған күнін елордамен бірге атап өтуде

Елорда күні аясында Астана қаласының Полиция департаменті Сарыарқа аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Ризат Сейілқанов та туған күнін атап өтуде. Биыл оған да, Астана қаласына да 28 жыл толды. Оның өмір жолы туған қаласымен тығыз байланысты. Осында дүниеге келіп, ер жетті, білім алды, отбасын құрды және бүгінде елорданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып келеді.
Ризат Астанамен бірге өсіп, қаланың жыл сайын жаңарып, көркейіп, заманауи мегаполиске айналғанына куә болды. Әсіресе, оған Сарыарқа ауданы ыстық. Балалық шағы осы ауданда өтіп, осындағы мектепте білім алды. Арада жылдар өткен соң туған ауданына полиция қызметкері ретінде қайта оралды.
Болашақ мамандығын таңдауға әкесі үлкен ықпал етті. Әкесі оны әрдайым адал болуға, әділдікті ту етуге және қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасуға тәрбиелеген. Мектепті тәмамдағаннан кейін Ризат Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы полиция қызметінің қыр-сырын меңгерді. Диплом алған соң туған қаласына оралып, соңғы алты жылдан бері Астана қаласы Полиция департаментінде абыройлы қызмет атқарып келеді.
Қазіргі таңда полиция капитаны киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінде қызмет етеді. Әріптестерімен бірге интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың бетін ашып, жәбірленушілерге көмек көрсетеді. Сонымен қатар тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік туралы сауатын арттыру мақсатында алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Қызметтен тыс уақытта Ризат – қамқор жар әрі аяулы әке. Жұбайы Дильназ екеуі ұл тәрбиелеп отыр. Бос уақытында футбол ойнап, Астана қаласы Полиция департаментінің құрама командасының намысын қорғайды.
Полиция капитаны үшін туған қаласында қызмет етудің мәні ерекше.
– «Мен Астанамен бірге өстім. Бүгінде туған қалама қызмет етіп жүргенімді үлкен мақтаныш санаймын. Елордамыздың одан әрі дамып, қауіпсіз әрі жайлы қалаға айнала беруіне өз үлесімді қосқым келеді», – дейді Ризат Сейілқанов.
Оның айтуынша, туған қалаға деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, нақты іспен көрінуі тиіс.
«Әр адам өз қаласын жақсы көріп, оны аялауы керек. Сонда ғана біз бәріміз бірге оны бұрынғыдан да көркейтіп, қауіпсіз ете аламыз», – деп түйіндеді полиция капитаны.