Елордада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл күшейтілді

Елордада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл күшейтілді

Елордада киберқауіптер мен киберқылмыстардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесуге бағытталған республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша кешенді жедел-профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Ерекше назар интернет кеңістігін бақылауға, дербес мәліметтердің, банк деректемелерінің заңсыз айналымын анықтауға, сондай-ақ абоненттік нөмірлерге және өзге де электрондық сервистерге қол жеткізу туралы мәліметтердің заңсыз таратылуын әшкерелеуге аударылуда. Мұндай ақпараттар құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін.
Жедел-профилактикалық іс-шараның басым бағыттарының бірі – профилактика. Полицейлер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, дербес мәліметтер мен қаржыны қорғау жолдары туралы ақпарат беруде. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа да ақпараттық алаңдар арқылы азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді.
Полиция департаменті азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Бөгде адамдарға жеке деректеріңізді, банк картасының деректемелерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және өзге де құпия ақпараттарды бермеңіздер. Интернет-алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыздар.