
Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен жауынгерлік қарудан ату бойынша екі күндік республикалық чемпионат өтті.
Дәстүрлі додаға еліміздің барлық өңірінен келген 28 құрама команда, 100-ге жуық полиция қызметкері қатысты. Олар тапанша мен автоматтан ату бойынша өзара мықтыны анықтады.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – полиция қызметкерлерінің жауынгерлік және атыс даярлығының деңгейін арттыру, кәсіби шеберлігін шыңдау және үздік мергендерді анықтау.
Жарыс барысында қатысушылар дәлдік, шапшаңдық, төзімділік пен психологиялық тұрақтылықты талап ететін бірнеше жаттығу бойынша бақ сынады. Сайыс қорытындысы тәртіп сақшыларының кәсіби дайындығының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Чемпионат нәтижесінде Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, жүлделі орындардан көрінді.
Атап айтқанда, Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы полиция подполковнигі Әлфия Рахметова ПМ-5 жаттығуы бойынша барлық қарсыласын басып озып, І орынды жеңіп алды. Ал Оқу-жаттығу ротасының аға инспекторы полиция майоры Нұрсұлтан Дауренбеков АК-3 жаттығуында үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есепте елордалық Полиция департаментінің құрама командасы ІІ орынды иеленді.
Бұл жетістік – тәртіп сақшыларының жауынгерлік даярлыққа жүйелі түрде көңіл бөліп, кәсіби шеберліктерін тұрақты жетілдіріп келе жатқанының айқын көрінісі. Сондай-ақ бұл нәтиже олардың қарумен жұмыс істеудегі жоғары дайындығын, қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен атқаратынын және командалық бірлігінің берік екенін дәлелдейді.