
Астана қаласының Полиция департаментінде Қазақстан полициясы үніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Кәсіби мерекеге орай ішкі істер органдарының ардагерлерін, қызметкерлері мен жеке құрамын елорда әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады. Салтанатты рәсім барысында ол көпбалалы және үздік қызметімен ерекшеленген полиция қызметкерлеріне 11 пәтердің кілтін табыстады.
Дәстүр бойынша қызметтік міндеттерін адал атқарған, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген және қызметтік борышын үлгілі орындаған қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан қызметкерлерге наградалар мен арнайы атақтарды табыстады.
Полиция қызметкерлеріне мерзімінен бұрын арнайы атақтар беріліп, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Еліміздің бас қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету полиция қызметкерлеріне жүктелген маңызды әрі жауапты міндет болып табылады.
«Сіздер азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, зор үлес қосып, аянбай еңбек етіп келесіздер.
Полиция - қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі.
Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге,толағай табыс тілеймін!», – деп атап өтті Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Сондай-ақ осы күні елордалық полицияның басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, ішкі істер органдарының қызметін объективті түрде жариялап, елордадағы ахуал туралы халыққа шынайы ақпарат жеткізудегі жемісті ынтымақтастығына ризашылығын білдірді.
Салтанатты іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Қонақтарға патриоттық әндермен қатар полиция қызметкерлерінің авторлық туындылары – «Есте» және «Папа-герой» әндері орындалды.
Мерекелік концерт салтанатты іс- шараның әсерлі қорытындысы болып, қатысушыларға бірлік пен өзара сыйластықтың, мамандыққа деген құрмет пен азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы қызметке деген мақтаныш сезімін сыйлады.