Елорда қаһармандары: Астана қаласындағы саябақтардың бірінде орын алған қылмыстың алдын алған азаматтар марапатталды

Елорда қаһармандары: Астана қаласындағы саябақтардың бірінде орын алған қылмыстың алдын алған азаматтар марапатталды

Астана қаласының Полиция департаментінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақшы болған күдіктіні ұстауға көмектескен азаматтар марапатталды.
Оқиға елордалық саябақтардың бірінде орын алған. Ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға шабуыл жасамақшы болған сәтте, қыз бала көмек сұрап айқайлаған. Осы кезде отбасымен саябақта серуендеп жүрген ер адам дереу көмекке ұмтылған. Кейін оған тағы бір қала тұрғыны қосылып, екеуі бірлесіп шабуыл жасаған азаматты ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Орын алған жағдайға бейжай қарамай,табандылық танытқаны үшін Ануар Мусин мен Павел Саськов бағалы сыйлық – қолсағаттармен марапатталды.
«Сіздердің әрекеттеріңіз – азаматтық жауапкершіліктің, батылдық пен жанашырлықтың лайықты үлгісі. Сіздердің батыл қадамдарыңыздың арқасында арты ауыр салдарға әкеп соғуы ықтимал қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туды. “Азаматтық танытып, дер кезінде көмекке келген азаматтардың бұндай әрекеті құрметке әбден лайық деп есептейтін, – деп атап өтті елордалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.