
Күн сайын Астананың қарбалас көшелерімен жүріп өткен сайын, біз үйлердің маңдайшаларынан қаламыздың даңқты тарихын айшықтайтын есімдерді көреміз. Қала көшелерінің атауы – бұл тірі тарих, халық жадындағы өшпес із әрі мақтаныш.
Алматы ауданындағы Жанайдар Жирентаев көшесі мен Әбдіғаппар Ділманов көшесі – өз өмірін ел тыныштығына арнаған, ант пен азаматтық борышқа адал болған елордалық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрметіне берілген.
Олар әр жылдары елорда тыныштығын күзетті. Бірақ екеуін біріктірген ортақ қасиет – бейбіт тұрғындарды қорғау жолында батылдық танытып, өз өмірін қатерге тігуге дайын болған ерлік рухы.
Сол қаһармандардың бірі – полиция лейтенанты Жанайдар Жирентаев. Ауған соғысының ардагері ол кейін ішкі істер органдарында қызметін жалғастырды. 1994 жылдың ақпан айында Ақмолада қаруланған қылмыстық топты ұстау операциясына қатысу кезінде офицер ерекше ерлік көрсетіп, әріптестері мен бейбіт тұрғындарды қорғау жолында өз өмірін құрбан етті. Көрсеткен батырлығы үшін Жанайдар Жирентаев қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Оның есімі бүгінде елорда көшелерінің біріне берілген.
Қызметтік борышына адалдық пен ерліктің тағы бір үлгісі – полиция инспекторы Әбдіғаппар Ділманов. 2001 жылдың мамыр айында Астанада қылмыскерлерді ұстау операциясы кезінде ол қаскөйлерге қарсы батыл әрекет етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында соңына дейін қызметтік міндетін атқарды. Оның жанқиярлық әрекеті қылмыстың ашылып, құқық бұзушылардың ұсталуына ықпал етті.
Қаһарман туралы оның әріптесі, полиция полковнигі Айдар Жақыпов ерекше ілтипатпен еске алады. Олардың достығы әскер қатарында басталып, кейін ішкі істер органдарындағы қызметте жалғасқан.
– Әбдіғаппар өте мәдениетті, адал, сенімді әрі мамандығына шын берілген азамат еді. Ғалымдар отбасында тәрбиеленіп өсті, көп оқитын, адамдарға әрдайым құрметпен қарайтын және қызметтік міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Ол біздің жадымызда дәл осындай бейнесімен мәңгі сақталады, – дейді Айдар Жайшылықұлы.
Полиция қызметкерлері жыл сайын Әбдіғаппар Ділмановтың құрметіне Астанада және оның туған жері – Қызылордада спорттық турнирлер өткізіп, оның ата-анасымен тұрақты байланыс орнатып келеді.
–Осындай азаматтардың ерлігі жас қызметкерлер үшін батылдықтың, Антқа адалдықтың және офицерлік ар-намыстың үлгісі болып қала береді, – деп атап өтті полиция полковнигі.
Қаһарманның есімі мемориалдық тақтада және елорда көшелерінің бірінде мәңгілікке ұлықталған.
Астана тұрғындары үшін бұл көшелер – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған заманауи әрі қарқынды дамып жатқан шағынаудандар. Ал елордалық Полиция департаменті үшін Жирентаев пен Ділмановтың есімдері – борышқа адалдықтың, нағыз офицерлік рухтың символы. Олар мәңгілікке жеке құрам тізіміне енгізіліп, ерліктері қазақстандық полиция тарихына офицерлік ар-намыстың үлгісі ретінде жазылды.
Қаһарман полицейлердің есімі берілген көшелер елорда тұрғындары мен қонақтарына әрдайым бір ақиқатты еске салады: Астананың бейбіт аспаны, тыныштығы мен қауіпсіздігі – ел тыныштығын күзеткен ержүрек жандардың жанқиярлығы мен батырлығының нәтижесі.