
Астана қаласының полицейлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен 29 жастағы азаматты анықтады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін консалтингтік компанияның қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік гранттарды рәсімдеу саласында қызмет көрсететінін айтқан. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, қысқа мерзім ішінде мемлекеттік грант алуға көмектесетінін уәде еткен.
Күдікті грантты мақұлдату, құжаттарды дайындау және түрлі ұйымдастыру шығындарын сылтау етіп, жәбірленушіден бірнеше рет ақша қаражатын алған. Алайда уәде етілген грант берілмеген, ал алынған қаражат өз мақсаттарына жұмсалғаны анықталды.
Осылайша, алаяқтың әрекетінен жәбірленушіге 4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас өзге де алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтауда.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер, тұрғын үй бағдарламалары немесе әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмектесемін деген күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. Мемлекеттік қолдау шаралары ресми тәртіппен жүзеге асырылады және оларды алу үшін үшінші тұлғаларға ақша төлеу талап етілмейді.
Есіңізде болсын: алаяқтар көбіне азаматтардың сеніміне кіріп, тез әрі оңай жолмен пайда табуға деген ниетін пайдаланады. Сондықтан кез келген ұсынысты мұқият тексеріп, ақша қаражатын аудармас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет.
Егер сіз осындай алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз немесе күмәнді ұсыныстар алсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.