
Астанада отбасылық құндылықтарды нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара елорда Полиция департаментінде ұйымдастырылды. Мұндай бастамалар еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып, қауіпсіздік, сенім және өзара құрмет қағидаттарына негізделген қоғам қалыптастыруды көздейді.
Кездесу барысында қатысушылар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға уақытылы көмек көрсету, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылады.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі марапаттау рәсімі болды. Алғыс хаттармен акцияны жүзеге асыруға, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға және профилактикалық жұмыстар жүргізуге елеулі үлес қосқан мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, мамандар мен белсенді азаматтар марапатталды.
Қатысушылар әрбір отбасы үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтіп, белсенді азаматтық ұстаным танытып, отбасы институтын нығайтуға атсалысып жүрген барлық азаматтарға ризашылықтарын білдірді.