
Астанада «Астана – есірткісіз қала» ұранымен көкпардан жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, жастарды салауатты өмір салтына баулу және зиянды әдеттердің алдын алу.
Жарысқа 400-ге жуық спортшы қатысты. Алаңда тартысты дода өтіп, командалар күш-жігері мен төзімділігін көрсетті. Сайыс ұлттық ойын дәстүрлеріне деген құрмет пен спорттық бәсекелестік рухында өтті.
Іс-шара барысында есірткіге қарсы акцияға ерекше көңіл бөлінді. Спорт клубының 200-ге жуық мүшесі «Астана – есірткісіз қала» деген жазуы бар жейделер киіп шықты. Сонымен қатар қатысушылар «Астана – есірткісіз қала» деген ұран жазылған туларды көтеріп, шараның басты идеясын айшықтай түсті.
Жарысқа Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.
Мұндай іс-шаралар жастарды спорт арқылы белсенді өмір салтына баулуға, есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға және денсаулық, күш-қуат пен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.