
Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі сынға түсетін сәттерде алдыңғы шептен табылатын мамандар бар. Олар күнделікті қызметін ерлік деп санамайды, бірақ олардың әрбір әрекеті елдің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай офицерлердің бірі – Астана қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Ерлан Базарбаев.
Оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби шеберліктің және ерік-жігердің жарқын үлгісі.
2008 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан Ерлан Ермағанбетұлы бүгінде арнайы бөлімшенің тәжірибелі әрі беделді офицерлерінің қатарына жатады. Қауіп-қатер мен жауапкершілік қатар жүретін салада қызмет ету үшін тек білім мен дайындық жеткіліксіз. Бұл жол батылдықты, рух мықтылығын және антқа адалдықты талап етеді. Осы қасиеттердің барлығы майор Базарбаевтың болмысынан айқын көрінеді.
Қызмет барысында ол қоғамдық тәртіпті сақтау, күрделі жедел-қызметтік міндеттерді орындауда жоғары кәсібилігін дәлелдеп келеді. Әріптестері оны кез келген жағдайда сабыр сақтай білетін, шешімді тез қабылдайтын және тапсырманы мінсіз орындайтын офицер ретінде сипаттайды.
Алайда Ерлан Ермағанбетұлының тұлғасын тек қызметтік жетістіктермен ғана өлшеу аздық етеді. Оның өміріндегі тағы бір маңызды бағыт – спорт.
Ол Қазақстан Республикасының APS практикалық атудан чемпионы, практикалық ату спортынан спорт шебері. Бұл жетістік кездейсоқ келген нәтиже емес. Ол мыңдаған сағаттық жаттығудың, темірдей тәртіптің және үздіксіз еңбектің жемісі.
Сонымен қатар кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер, ал филиппиндік SANDATA KAMAO жауынгерлік пышақ ұрысы жүйесі бойынша жасыл белбеу иегері. Мұндай жетістіктер оның физикалық дайындығының ғана емес, тактикалық ойлау қабілетінің, төзімділігі мен рухани беріктігінің көрсеткіші.
Тәртіп сақшысышы үшін жеңіс – медаль немесе атақ қана емес. Оның түсінігінде жеңіс – күн сайын өзіңді шыңдау, кеше қол жеткізген нәтижеден биік мақсат қою және қандай жағдайда да берілмеу.
Офицердің бойындағы осы қасиеттердің қалыптасуына отбасының ықпалы ерекше.
Базарбаевтар әулеті – бірнеше буын бойы ел қауіпсіздігіне қызмет етіп келе жатқан құқық қорғаушылар мен әскери қызметкерлер династиясы.
Әкесі – Қазақстан полициясының ардагері. Саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, көптеген жас мамандарға үлгі болған азамат. Ал атасы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдан даласында ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде де тәртіп сақшысы ретінде халыққа қызмет еткен тұлға.
Бір әулеттің үш буыны Отан қорғау жолын таңдауы – кездейсоқтық емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жауапкершілік, патриотизм және елге қызмет ету дәстүрі.
Бүгінде ол өз тәжірибесімен жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, кәсіби мәдениеттің қалыптасуына үлес қосып келеді. Оның өмірлік қағидасы қарапайым: «Елге адал қызмет ету – ең үлкен мәртебе».
Полицей – қызметті мамандық емес, миссия деп қабылдаған офицер. Ол – ел тыныштығы жолында антқа адал қызмет етіп жүрген нағыз тәртіп сақшысы.