Экология және табиғи ресурстар министрлігінде киберқауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық кездесу өтті

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде киберқауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026–2029 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері үшін профилактикалық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға «Интернеттегі алаяқтықтың құрбаны болмау және жинақтарыңызды қалай қорғауға болады», «Кибергигиена және киберқауіпсіздік негіздері», сондай-ақ «Дропер деген кім және оның әрекеттері үшін қандай жауапкершілік көзделген» тақырыптары бойынша жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар тыңдаушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік түсіндіріліп, банктік карталар мен шоттарды үшінші тұлғалардың пайдалануына беру, заңсыз қаржы операцияларына қатысу және алаяқтық схемаларда делдал болудың құқықтық салдары егжей-тегжейлі баяндалды.
Кездесу барысында интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері, жалған қоңыраулар мен хабарламаларды анықтау жолдары, жеке деректерді қорғау тетіктері және қаржылық қауіпсіздікті сақтау бойынша практикалық ұсыныстар айтылды.
Іс-шара аясында қатысушыларға арнайы дайындалған слайдтар мен бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы киберқылмыстардың түрлері мен олардың алдын алу шаралары түсіндірілді. Қызметкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, киберқауіптерден қорғану бойынша пайдалы ақпаратпен танысты.
Мұндай профилактикалық кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын күшейтуге және киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.