Бір сәттік әрекет – бір адамның өмірін сақтап қалды

Бір сәттік әрекет – бір адамның өмірін сақтап қалды

Астанада Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері қайғылы жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалды.
ЖҚАЖ аға инспекторы полиция капитаны Салават Мұхамбетов түнгі кезекшілікке дайындалып жатқан кезде көшеден шыққан айқай-шуды естиді. Терезеге жақындап қараған ол көрші үйдің оныншы қабатындағы балконнан жартылай салбырап тұрған ер адамды байқайды. Ол кез келген сәтте төменге құлап кетуі мүмкін еді.
Уақыт жоғалтпай, полиция капитаны дереу оқиға орнына қарай жүгіріп барады.
Оқиға орнына жеткенде ол ер адамның жұбайы оны бар күшімен ұстап тұрғанын көреді. Алайда ер адам қарсылық көрсетіп, төмен секіруге әрекеттенген. Мұндай сәтте әр секунд маңызды болатын.
Кәсіби дайындығының, батыл шешім қабылдай білуінің және жедел әрекет етуінің арқасында Салават Мұхамбетов ер адамды дер кезінде ұстап қалып, балконның шетінен қауіпсіз жерге тартып шығарды. Оның спорттық дайындығы да маңызды рөл атқарды. Ол бала кезінен бокспен айналысады, бұл оған төтенше жағдайда тез бағдар алып, сенімді әрекет етуге көмектесті.
Құтқару операциясынан кейін ер адам медициналық қызметкерлерге тапсырылып, қажетті тексеруден өткізу және көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды.
Салават Мұхамбетов ішкі істер органдарында 2020 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оның айтуынша, бала кезінен адамдарға көмектесуді, оларды қорғауды және қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуды армандаған.
Полиция капитаны Салават Мұхамбетовтің бұл әрекеті – ерлік пен жауапкершіліктің, сондай-ақ қызметтік борышқа адалдықтың жарқын үлгісі. Оның батыл әрі шұғыл әрекетінің арқасында бір адамның өмірі сақталып қалды.