Астанада пробациялық бақылаудағы азаматтар арасында спорттық спартакиада өтті

Астанада пробациялық бақылаудағы азаматтар арасында спорттық спартакиада өтті

Астанада нашақорлыққа қарсы іс-қимыл айлығы аясында пробациялық бақылауда тұрған азаматтар арасында спорттық спартакиада ұйымдастырылды.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Құқық» қоғамдық қоры және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – қайта қылмыс жасаудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ есірткіге және өзге де зиянды тәуелділіктерге қарсы иммунитет қалыптастыру.
Спорттық жарыс қатысушылардың дене белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, оң өмірлік құндылықтарды қабылдауына және бос уақытын тиімді ұйымдастыруына мүмкіндік берді.
Іс-шараға «Жасыл желкен» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлзат Каналханқызы, адвокат Әлібек Секеров, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылығының алдын алу жөніндегі республикалық және қалалық кеңестердің мүшелері Баян Ахатай, Мирзада Сейітқали, Нұрсұлтан Әлиақпаров, Ербол Жантыков және Айрат Жеңіс қатысты.
Қонақтар қатысушыларға қолдау білдіріп, спорттың адамның өміріндегі маңызы, салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтары және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасудың жолдары туралы өз ойларымен бөлісті.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар пробациялық бақылаудағы азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етіп, олардың жаңа өмір бастауына мотивация беретінін атап өтті.