Мемлекет пен қоғам бірлігінің алаңы

Мемлекет пен қоғам бірлігінің алаңы

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында құрылған заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шараға құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белсенділер қатысты.
Үйлестіру кеңесі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде мемлекет пен қоғам күшін біріктіретін маңызды алаңға айналды.
Салтанатты жағдайда «Заң мен тәртіп» бастамасын жүзеге асыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және құқықтық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан үздік білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ азаматтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталды.
Бағдарлама аясында ерекше орын азаматтық ұстанымы мен батылдығын танытып, төтенше жағдайларда адамдарға көмек көрсеткен азаматтарды марапаттау рәсіміне берілді. Марапатталғандардың қатарында Полиция департаментінің қызметкерлері – Алмас Нарымбетов пен Жандос Абданбеков те бар. Олар жанып жатқан пәтерден алты тұрғынды, оның ішінде екі баланы құтқарып қалған.
Қатысушылар үшін қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жетістіктер ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Қонақтар Anti-Fraud орталығының, Астана қаласының есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің қызметімен, сондай-ақ құқықтық тәртіпті сақтау мен қылмыстарды ашуда қолданылатын заманауи техникалық құралдармен танысты. Олардың қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттары, заманауи криминалистикалық зертханалар және роботтандырылған кешендер бар.
Іс-шара заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту жолындағы мемлекет пен қоғам бірлігінің символына айналған мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Үйлестіру кеңесінің жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталатын болады.