
Елордада «Есірткіге тәуелділік және қазіргі замандағы психикалық денсаулық мәселелері» тақырыбында жалпықалалық конференция өтті. Іс-шара Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орай, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу айлығы аясында ұйымдастырылды.
Ауқымды профилактикалық шараға полиция қызметкерлері, психологтар, әлеуметтік педагогтер және салалық мамандар қатысты.
Конференция барысында қатысушылар психоактивті заттардың заманауи түрлерін, есірткіге тәуелділіктің кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығына әсерін, тәуелді мінез-құлықтың ерте белгілерін, диагностика және медициналық куәландыру мәселелерін, сондай-ақ алдын алудың заманауи әдістерін талқылады. Өскелең ұрпақты қорғау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері негізгі міндеттердің бірі — есірткі құқық бұзушылықтарын анықтап, жолын кесу ғана емес, жастардың қауіпті ортаға тартылуының алдын алу екенін атап өтті.
Астана қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы тиімді күрес тек отбасы, білім беру ұйымдары, медицина мекемелері және құқық қорғау органдарының тығыз өзара іс-қимылы арқылы мүмкін екенін атап өтеді. Осыған байланысты түрлі сала мамандарының қатысуымен профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.