
Елордада тазалықты сақтауға және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда.
Жыл басынан бері қоқысты заңсыз тастау, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша шамамен 20 мың құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи технологияларды қолдануға ерекше назар аударылуда. Мәселен, Байқоңыр ауданы аумағын ұшқышсыз ұшу аппаратымен бақылау барысында полицейлер сұйық бетон қалдықтарын заңсыз төгу фактісін анықтады.
44 жастағы SHACMAN маркалы автокөлік жүргізушісінің сұйық бетон қалдықтарын белгіленбеген жерге — ғимараттар маңындағы ортақ пайдаланылатын аумаққа төккені анықталды. Аталған дерек бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етеді. Полиция экологиялық нормалар мен абаттандыру ережелерін сақтау әрбір елорда тұрғынының міндеті екенін еске салады.