
Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын және 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында «Астана — есірткісіз қала!» ұранымен авто-мотошеру ұйымдастырылды. Іс-шараны Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Авто-мотоспорт федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Ауқымды акцияға 2000-нан астам адам қатысты.
Шеруді мотоциклшілер бастап жүрсе, олардың соңынан қоғам назарын есірткі қаупіне қарсы күреске аударуға бағытталған бастаманы қолдаған автокөлік жүргізушілері ерді. Қатысушылар салауатты өмір салтын, белсенді спорт түрлері мен пайдалы әуестенулерді зиянды әдеттер мен есірткіге балама ретінде насихаттаудың маңызын атап өтті.
Авто-мотошеру мотомектеп аумағында аяқталды. Онда қатысушылар мен қонақтар үшін әсерлі дерби ұйымдастырылды. Спортшылар мен мотоспорт әуесқойлары көлік жүргізу шеберлігін, маневр жасау қабілетін және экстремалды басқару элементтерін көрсетті. Бұл көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызып, іс-шараға жарқын спорттық сипат берді.
Жалпы, қатысушылар мен ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда, салауатты өмір салтын насихаттауда және бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралардың қоғам тарапынан кең қолдау тауып, жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастыруға, сондай-ақ оларды белсенді әрі пайдалы демалыс түрлеріне тартуға ықпал ететіні айтылды.