
Елордада Астана қаласы Полиция департаменті жеке құрамының қатысуымен көшпелі Полицейлік жиын өтті. Жиын барысында заңнаманы сақтау, қызметтік әдеп және қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері қаралды.
Кездесу аясында полицейлерге Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының негізгі ережелері түсіндірілді. Азаматтардың құқықтарын сақтау, заңдылық қағидаттарын нығайту және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ жиын барысында полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарды қолдану тәртібі қарастырылды. Заң талаптарын сақтау, кәсіби тәсіл мен қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен орындаудың маңыздылығы атап өтілді.
Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Атанов азаматтардың сенімі тәртіп сақшыларының өз міндеттерін сапалы әрі адал орындауына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Әрбір қызметкер заң нормаларын басшылыққа алып, қызметтік әдепті сақтап, өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарауы тиіс», — деп атап өтті.
Жиын соңында қызметкерлерге қызмет барысында кәсібилік танытып, азаматтарға құрметпен қараудың маңыздылығы еске салынды.