150 мыңға жуық оқушыны қамтыған диктант елорда мектептерінде өтті

150 мыңға жуық оқушыны қамтыған диктант елорда мектептерінде өтті

Елорданың білім беретін мектептерінде Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Біз есірткісіз болашақты таңдаймыз» атты ауқымды қалалық диктант жазу өткізілді.
Профилактикалық іс-шараға 150 мыңға жуық оқушы қатысты.
Диктанттың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, психоактивті заттардың қауіптілігі, олардың құқықтық салдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, шара аясында әлемдік суретшілердің туындыларынан құралған тақырыптық көрме ұйымдастырылып, оқушылармен «журналистік орындық» форматында сұхбаттар өткізілді. Ашық пікір алмасу барысында жастар өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді.
Мамандар жасөспірімдерге зиянды әдеттерден аулақ болып, қауіпсіз әрі саналы өмір салтын таңдаудың маңыздылығын атап өтті.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, есірткі қылмысының алдын алуға ықпал етеді.