
Елордада онлайн несие рәсімдеумен байланысты алаяқтықтың үш ұқсас дерегі тіркелді.
Анықталғандай, олар өздерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап, несие рәсімдеуге көндірген. Жәбірленушілер олардың нұсқауын орындап, несие алып, алынған қаражатты көрсетілген банк шоттарына аударған.
Белгілі болғандай, бұл шоттар «дропперлерге» — заңсыз операцияларды жүргізу үшін өз банк карталарын пайдалануға беретін адамдарға тиесілі болған. Олардың шоттары арқылы қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаты өткізіліп, кейін үшінші тұлғалардың шоттарына аударылған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері дропперлік қызметке қатысы бар үш күдіктіні анықтап, ұстады: 36 және екі 18 жастағы тұлғалар.
Тергеу барысында олардың өздерінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені және ақша аудару кезінде делдал ретінде пайдаланылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді ұсынбайтынын ескертеді. Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ешқандай қаржылық операция жасамау қажет.