Астанада «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындылары шығарылды: кибералаяқтыққа қатысты 200-ге жуық іс ашылды

Астанада «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындылары шығарылды: кибералаяқтыққа қатысты 200-ге жуық іс ашылды

Елордада интернет-алаяқтықты қоса алғанда, ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері кибералаяқтыққа қатысы бар 48 адамды ұстап, жауаптылыққа тартты, олардың ішінде 4 шетел азаматы бар. 200-ге жуық қылмыстық іс ашылды. Жәбірленушілерге 26 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
SIM-карталарды заңсыз тіркегені үшін 4 адам ұсталды. Олардың қолынан қылмыстық схемаларда қолданылуы жоспарланған 400-ден астам SIM-карта тәркіленді.
Сонымен қатар, 4 мыңнан астам алаяқтық интернет-ресурс бұғатталды. «Дропперлерге» қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Антифрод-орталықпен бірлескен жұмыс нәтижесінде заңсыз әрекеттерде пайдаланылған 3 мыңнан астам банк шоты бұғатталды.
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында полиция қызметкерлері оқу орындарында профилактикалық дәрістер өткізіп, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Профилактикалық іс-шаралар барысында алаяқтардың азаматтардың атына 12 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеу әрекеттерінің жолы кесілді.
Елорда полициясы растау кодтарын айту, ақша аудару, несие рәсімдеу немесе шұғыл қаржылық операцияларды орындау туралы кез келген қоңыраулар мен хабарламалар — алаяқтықтың негізгі белгілері екенін еске салады. Азаматтарды қырағы болуға және қаржылық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.