Қауіпсіздік назарда: Жедел басқару орталығы инспекторының бір күні

Қауіпсіздік назарда: Жедел басқару орталығы инспекторының бір күні

Отан қорғаушылар күні қарсаңында елордалық полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлер туралы баяндауды жалғастыруда. Солардың бірі – Жедел басқару орталығының аға инспекторы Бекзат Бексаринов.
Бекзаттың ішкі істер органдарындағы қызметке деген қызығушылығы мектеп жылдарында қалыптасты. Қоғамға пайда келтіру, адамдарға көмектесу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға деген ұмтылыс оның мамандық таңдауына негіз болды. Еңбек жолын ол патрульдік полиция полкінде бастап, нақты жедел жағдайларда жұмыс істеудің маңызды тәжірибесін жинақтады.
2022 жылдан бастап Бекзат Жедел басқару орталығында қызмет атқарады. Бұл – полиция күштері мен құралдарын үйлестіруді қамтамасыз ететін маңызды бөлімшелердің бірі. Мұнда тәулік бойы оқиғалар туралы хабарламалар қабылданып, өңделеді, бейнебақылау жүйелері арқылы жағдайға мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ полиция жасақтарын жедел басқару және төтенше қызметтермен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.
Аға инспектордың қызметі ауысымдық кесте бойынша ұйымдастырылған. Күндізгі ауысым сағат 09:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде хабарламалар қабылданып, келіп түскен ақпарат талданады, полиция жасақтарының әрекеттері үйлестіріліп, тапсырмалар бөлінеді және олардың орындалуы бақыланады. Түнгі ауысым 20:00-ден 09:00-ге дейін өтеді және ол да толық шоғырлануды, жедел жағдайдың өзгеруіне дереу әрекет етуге дайын болуды талап етеді.
Жедел басқару орталығындағы қызмет қызметкерлерден жоғары жеке және кәсіби қасиеттерді талап етеді. Бұл жұмыс зейінділікті, стрессқа төзімділікті, жедел шешім қабылдай білуді және көп міндетті жағдайда тиімді әрекет етуді қажет етеді. Орталық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында оқиғаларға дер кезінде әрекет жасалып, құқық бұзушылықтар «ізін суытпай» ашылады.
Қызметтен тыс уақытта Бекзат Бексаринов белсенді өмір салтын ұстанады. Ол автомобиль тақырыбына қызығып, техникалық қырларын зерттейді және экстремалды автожарыстарға әуес. Сонымен қатар футболмен айналысып, жақсы дене дайындығын сақтайды.
Оның басым бағыттарының бірі – кәсіби дамуын жалғастыру, біліктілігін арттыру, заманауи технологияларды меңгеру және қызметтік міндеттерін тиімді орындауға қажетті дағдыларды жетілдіру.
Елордалық полиция барлық ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызметі өзара байланысты екенін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтеді. Жедел басқару орталығы аға инспекторының қызметі мысалында полицияның күнделікті жұмысындағы жеделдік, жауапкершілік және үйлесімділіктің маңыздылығы айқын көрінеді.