Елордада жас жол инспекторларының байқауы өтті

Елордада жас жол инспекторларының байқауы өтті

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында №90 мектеп базасында жас жол инспекторларының байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс қарсаңында балалар арасындағы жол-көлік жарақаттарының алдын алу, сондай-ақ оқушылардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту болды.
Полицейлер дәстүрлі дәрістердің орнына интерактивті тәсілді таңдады: оқушылар жол қозғалысы ережелерін ойын және жарыс форматында меңгеріп, өмірде кездесетін түрлі жағдайларды талдап, дұрыс шешім қабылдауға машықтанды.
Профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылуда. Балалардың ақпараттану деңгейін арттыру үшін әлеуметтік желілер, бейнероликтер мен көрнекі материалдар сияқты заманауи форматтар кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, мектептердің маңында, әсіресе ауысым уақытында және сабақ аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлерінің кезекшілігі күшейтілді.
Байқаудың өзі де осы жұмыстың маңызды бөлігіне айналды. Қызықты әрі тартымды формат балаларға жол қозғалысы ережелерін жақсы меңгеруге және жолда өзін дұрыс ұстаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Байқауға қаладағы 7 мектептің командалары қатысты. Оқушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін, зейінділіктерін және қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша №90 мектеп Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды №16 мектеп иеленсе, екінші орынды №43 және №108 мектептер бөлісті. Ал үшінші орын №42, №8 және №55 мектептеріне бұйырды.
Осындай іс-шаралар балалардың қауіпсіздікке деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастырып, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақат деңгейін төмендетуге ықпал етеді.