
Елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және сыртқы келбетін тиісті деңгейде сақтау мақсатында полиция қызметкерлері абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау және ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластаудың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауда.
Қазіргі заманғы цифрлық шешімдерді қолдануға ерекше мән берілуде. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін Жедел басқару орталығының бейнекамералары, сондай-ақ жетуі қиын аймақтар мен қала шетінде заңсыз қоқыс тастауды жедел тіркеуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен пайдаланылуда.
Тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жүргізіледі. Көбіне құқық бұзушылықтар құрылыс нысандарының маңында анықталады, мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығармау фактілері жиі кездеседі.
Мәселен, елорданың Көктал көшесінде тұрғын және өндірістік нысандар маңында осындай бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Жыл басынан бері қалада абаттандыру қағидаларын бұзудың 19 мыңнан астам дерегі тіркелді. Сонымен қатар, қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған фактілер бойынша Астана қаласының Экология департаментіне заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін шамамен 400 материал жолданды.
Полиция тұрғындармен және эко-белсенділермен өзара іс-қимыл жасай отырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру бағытында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Елорда полициясы ескертеді: абаттандыру қағидаларын сақтау – әрбір тұрғынның міндеті. Белгіленген талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.