Астанада пәтерді қайта жалға беріп, тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды

Астанада пәтерді қайта жалға беріп, тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері интернет алаяқтығы фактісін анықтап, күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, әйел адам танымал «Крыша KZ» платформасына жалған хабарландыру орналастырып, пәтерді жалға беремін деп жәбірленушімен байланысқа шыққан. Ол шын мәнінде өз атына жалға алған пәтерді қайта жалға беріп, жалға алу ақысын алдын ала төлеуді сұраған. Сенімге кіріп, азаматтан 156 мың теңге көлемінде қаражатты алғаннан кейін, хабарсыз кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға пәтер немесе басқа да мүлікті жалға аларда аса сақ болуға кеңес береді. Алдын ала төлем жасаудан бұрын мүлікті көріп, құжаттарын тексеріп, тексерілген риэлторлар арқылы келісім жасаған жөн. Интернет алаяқтарының арбауына түспеу үшін барынша мұқият болуыңызды ескертеді.